19 НОЯБРЯ / 21
Қазақстандық бизнесмендерді айналымы 9 трлн доллар болатын таңдаулы клубқа кіруге шақырды
фывфыв

Жаңа шындықта бизнесті қалай жүргізу керек? Қызықты баяндамалар, қызу пікірталас пен тамаша кейстер – бұл кәсіпкерлік әлеміндегі жылдың ең күтілетін оқиғасы – Шымкенттегі YPO-ның 3-ші форумы туралы айтылған. Кездесу 35 спикерді, 70 компанияны және 11 қаладан келген мың адамдық аудиторияны біріктірді. YPO клубының мүшелері – Айдын Рахимбаев, Рамиль Мухоряпов, Арманжан Байтасов, Рауан Кенжеханұлы, Тимур Турлов, Еркебұлан Ілиясов жас кәсіпкерлердің тәлімгері болды.

Форумның Ұлы Жібек жолының орталығында орналасқан Шымкентте өтуі тегіннен-тегін емес, деп атап өтті қала әкімі Мұрат Әйтенов. Мұндағы 740 гектардан астам аумақта 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді, жақын арада тағы 3 аймақ құрылады. Мегаполисте 225 млрд теңгенің 174 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда, соның арқасында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Шағын және орта бизнестегі қаланың ЖІӨ-дегі үлесі 30 пайызды құрайды, 72 мың ШОБ субъектісі өз қызметін жүргізеді.

Шымкент және басқа да қазақстандық қалалардың кәсіпкерлері әр елде өз бөлімшелері/чаптерлері бар бизнесмендердің жабық YPO (Young Presidents Organization) халықаралық клубына қосылуға шақырылды. Әлемде бұл клубтың 142 елден жиналған 30 мыңнан астам мүшесі бар – олар табысты иелер немесе бизнес басқарушылар. Жаһандық нетворкингке ұйым мүшелерінің келісімімен ғана кіруге болады. Қазақстанда YPO құрамына 34 кәсіпкер кіреді, олардың жалпы келісімімен чаптер жаңа мүшелермен толықтырыла алады. Олар басқаратын кәсіпорындар табысының жиынтық көлемі – 9 триллион АҚШ доллары, бұл әлемнің 150 елінің жалпы ішкі өнімімен шамалас. YPO-ға мүше компаниялар қызметкерлерінің жиынтық саны – 22 млн адам.

Chocofamily интернет-холдингінің негізін қалаушы және Бақылаушы кеңесінің төрағасы Рамиль Мухоряпов YPO-ның негізгі миссиясы мен құрылымы туралы айтып берді. Ұйым мүшелері құнды бағдарламаларға қол жеткізе алады. Сондай-ақ ерекше тәжірибелерімен бөліседі және берік достық қарым-қатынас орнатады. Элиталық клубтың мүшесі болу үшін бірнеше критерийге сәйкес келу керек. Біріншіден, үміткер бір нәрсе үйренуге болатын тұлға болуы қажет. Ұйымда member-to-member қағидаты енгізілген, онда бизнесмендер бір-біріне дәрістер мен экскурсиялар ұйымдастырады, әріптестерінің жақсаруына өз ықпалын тигізеді. Екіншіден, үміткер толықтай салық төлейтін және аудиттік тексеруі бар адал бизнес жүргізуі керек. Компанияның талап етілетін ең төменгі айналымы – 13 млн доллардан басталады.

Клубтың 4 негізгі элементі – форум, білім беру іс-шаралары, жалпы нетворкинг және отбасы мен балаларды тарту.

 «Біздің ұйымда мүдделер қақтығысы жоқ. Сізді үнемі сөйлесуге ынтық адамдар қоршайды. Олар өз оқиғаларымен бөліседі, соның арқасында сіз сұрақтардың 99 пайызына жауап таба аласыз. Мұнда оқудың көптеген нұсқалары бар, оның ішінде сіз үздік спикерлерден де сабақ ала аласыз», - деп атап өтті Мухоряпов.

Tan Media Group иесі және «31 арна» ТРК, сондай-ақ Қазақстандағы басқа да тәуелсіз БАҚ-тың негізін қалаушы Арманжан Байтасов БАҚ-ты құру және жүргізу құпияларымен бөлісті. Оның пікірінше, бұл бизнестің тартымды және қолжетімді бағыты, өйткені тұтынушылардың басты түйсігінің бірі – жаңа білім алу. Қазір барлық процесс өте тез жүреді, сондықтан әлеуметтік желілерді дамытудың арқасында, бұл бизнесті бастау айтарлықтай материалдық салымдарды қажет етпейді. Ең бастысы – қызықты мазмұн жасау және жеке брендті дамыту.

Bilim Media Group компаниясының негізін қалаушы және басшысы Рауан Кенжеханұлы экономиканың дамуы үшін адами капиталға салынған инвестициялар негізгі мәнге ие екенін атап өтті. Өкінішке қарай, Қазақстанда олардың үлесі жеткіліксіз, ал табысы жоғары елдерде бұл көрсеткіш бірнеше есе асып түседі. Отыз жыл ішінде ҚР-да адами капитал бірде-бір тармаққа өскен жоқ. Егер республика осындай қарқынды сақтап қалса, онда жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша 30-орынға шығу үшін 44 жыл және адами капиталды барынша арттыру үшін 108 жыл қажет болады. Бұл проблеманы шешу үшін білім беру, денсаулық сақтау саласындағы саясатты және оларды қаржыландыруды түбегейлі өзгерту керек.

Freedom Holding Corp. қоғамдық компаниясының бас атқарушы директоры және Директорлар кеңесінің мүшесі Тимур Турлов қазіргі бизнес үшін басты мүмкіндіктер мен қауіптер туралы айтты. Ол негізгі факторлар қатарына халықаралық бәсекелестік пен әлемді өзгертіп жатқан керемет жылдамдық кіретінін атап өтті. Жоғары табысты бизнесті құру үшін ондаған, мыңдаған топтар қажет емес. Сәтті кейстің мысалы ретінде Whatsapp қарастырылды, оның жұмысын тек 35 инженер қолдайды, ал мессенджерді 2 миллиард адам пайдаланады.

 «Бүкіл әлемге ұсынылатын өнімдер клиентке қолжетімді болады. Сондықтан өзіңді жайлылық аймағында сезіну өте қауіпті. Сіз 20 жыл бойы бизнес құрдыңыз және сіздің бәсекелестеріңізге де осыншама уақыт керек деп ойлайсыз. Бірақ бұл қате пікір. Кішкентай стартаптар тез дами алады», - деді спикер.

Сондай-ақ ол қаржы өнімдерін цифрландырудың артықшылықтары туралы, оның ішінде біздің еліміз үшін бірегей жаңа тетік – цифрлы ипотека туралы айтты. Бұрын-соңды болмаған жобаның арқасында санаулы минутта жылжымайтын мүліктің иесі атануға болады.

 «Alageum Electric» компаниялар тобының иесі Еркебұлан Ілиясов өз баяндамасын табысты бизнес құпияларына арнады. Кез келген кәсіпкер назар аударуы тиіс басты факторлар – әртараптандыру, экспортқа шығу, жобаларды басқару орталығын құру, цифрландыру, маркетингке қаржы салу және кадрлар даярлау қажеттілігі.

Қазақстанның ірі құрылыс компаниясы BI Group Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаевтың баяндамасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Кәсіпкер империяны ғана емес, жоғары тиімді мамандар тобын құру туралы айтты. Холдинг қазіргі уақытта еліміздегі жетекші құрылыс салушы болып табылады. Сонымен қатар, ТМД-ның ірі девелоперлер рейтингінде екінші орын және әлемнің барлық құрылыс компаниялары арасында 180-ші орын алады.

«Алаңдағы жалғыз адам жауынгер емес – осы қағиданы ұстана отырып, біз командамен бірге жоғары көтерілдік. 100 мың долларлық капиталдан басталған бизнестің айналымы 1,5 млрд долларға жетті. Қазір біз бір мезгілде 186 жобаны іске асырып жатырмыз. Алдағы 5 жылда көлемді тағы 3 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз.Табысты бизнестің құпиясы – көп жұмыс істеу, көп оқу, өсу нүктесін іздеу және оның айналасында корпоративтік мәдениет пен тиімді команданы құру», - деп Рахимбаев өз ойымен бөлісті.

Спикер тағы бір құпиясымен бөлісті – пандемия кезінде бизнесті сақтап, одан әрі дамыту үшін бірінші басшылардың жалақысын 40 пайызға, екінші басшылардың жалақысын 20 пайызға қысқарту туралы шешім қабылданған. Бұл ретте қатардағы қызметкерлердің жалақысы төмендемеген.

Ұжымға деген құрмет басқа сәттерде де көрінеді: мысалы, акционерлердің құрылыс алаңдарына баруы, бонустар жүйесі, тіпті холдинг басшылығының қызметкерлермен асханадағы бірлескен түскі асы. Компанияда бәрі тең және лауазымы мен жасына қарамастан олар бір-бірін тек атымен атайды (тіпті елестету қиын!). Кез-келген қызметкердің акционер болуға мүмкіндігі бар. Компания атынан 10 жыл тәжірибесі бар қызметкерлерге Парижге, ал 20 жыл еңбек еткендерге – АҚШ-қа жолдама беріледі. Ең қызығы, барлық 5 мың қызметкер Рахимбаевтың ұялы телефон нөмірін біледі. Жалпы, компания бизнесті басқарудың жаңа пирамидасының принципін ұстанады – оның жоғарғы жағында жауапты міндеттер жүктелген өз ісінің мамандары және тек төменгі жағында басшылар орналасқан.

Форум ұйымдастырушылары YPO-ға елдің прогрессивті бизнесмендерін тарту мақсатын көздеді және бұл мүмкін болды. Іс-шара және ұйымға кіру мүмкіндігі қазақстандық кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырды. Сондықтан, жақын арада Қазақстанда қызықты бизнес-жобалардың күрт өсуі мүмкін.


Алдыңғы жаңалық Келесі жаңалық
Тегтер:
Әрі қарай
Барлық жаңалықтар