23 АПРЕЛЯ / 20
Нұр-Сұлтандағы жаңа аурухана дәрігерлерге берілді
На казахском

Нұр-Сұлтандағы жаңа аурухана дәрігерлерге берілді

23 сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа жұқпалы ауруханада болды. Медициналық мекемені салу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия  қабылдап, бүгін ол дәрігерлерге тапсырылды. 

Ел астанасындағы 200 төсек-орынға (20 интенсивті терапия бөлмесін қосқанда) арналған аурухана он екі күннен аса мерзімде тұрғызылды. 7006 ш.м-ді қамтитын орталық құрылысы 5 сәуірде басталды. Жұмыстар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобының тікелей бақылауымен және министрлік басшысы Елжан Біртановтың жетекшілік етуімен жүргізілді. Құрылыс алаңында үш ауысымда 1000-ға жуық құрылысшы тәулік бойы жұмыс істеді. 17 сәуірде әрлеу жұмыстары мен ішкі коммуникацияларды төсеу аяқталып, медициналық құрал-жабдықтарды, IT-жүйелерді, бейнебақылау мен медициналық қызметкерлердің басшылығымен кешеннің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін орнату және жөндеу жұмыстары басталды.

Аурухананың таза әрленген шаршы метрінің өзіндік құны 298 мың теңгені құраса, жабдықталған бір төсек-орыны 64 мың АҚШ долларын құрады. Бұл баға шет елдегі ұсқақ медициналық мекемелермен салыстырғанда қымбат емес. BI Group компаниясы ешбір пайдасыз, өзіндік құны бойынша жұмыс істейтіндігін хабарлады. Бұл бастаманы  құрылыс материалдарын жеткізушілер мен  мердігерлер де қолдады. Құрылыс құны бойынша тәуелсіз талдауды Deloitte компаниясы жүргізеді.

Нұр-Сұлтандағы медициналық мекеме заманауи биохимиялық зертханалармен, рентген және компьютерлік томография кабинеттерімен жабдықталған. Елімізде келушілер мен материалдарды алдын ала тазалық дәрежесіне қарай бөліп, оларды дезинфекциялаудан өткізу алғаш рет қарастырылып отыр. Карантин және реанимация бөлімшелері үшін де арнайы аймақтар бар.

Астаналық аурухана  неміс технологиясы бойынша ModeX зауытында шығарылатын керамзитобетоннан жасалған модульді темірбетон құрылымдарынан салынды. Оның пайдалану мерзімі -  50 жыл. Құрылыс барысында ДДҰ-ның жұқпалы ауруханаларға арналған барлық талаптары ескеріліп, қолданылды. Аурухана палаталары теріс қысымды қамтамасыз ететін арнайы желдету жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, палатаға түсетін ауаны үш сатылы тазалау жүйесі, бактерицидті ультракүлгін қондырғылар қарастырылған. Желдету жүйесі бактериялар мен вирустардың, сондай-ақ микроорганизмдердің 99,99%-ға дейін жойылуын қамтамасыз етеді. Бұл шаралар айналадағылардың, ең алдымен, дәрігерлердің ауру жұқтыру қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Естеріңізге салсақ, 23 сәуірдегі мәліметтер бойынша Қазақстанда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 2200-ден астам фактісі тіркелді. Оның үштен бірі (380-ден астам адам) - медицина қызметкерлері.

Жақын арада елордалық аурухана алғашқы науқастарды қабылдайды деп күтілуде. Алматыдағы жаңа қалалық жұқпалы аурулар орталығы дәрігерлерге 24 сәуір күні беріледі деп жоспарлануда.

Алдыңғы жаңалық Келесі жаңалық
Тегтер:
Әрі қарай
Барлық жаңалықтар