Елордалық ModeX зауытында үйқұрылысы модульдік құрастырылымдарын сынақтан өткізу басталды.
Соңғы жылдары модульдік үй құрылысы бүкіл әлемде қарқынды дамуда. Мысалы, Германия, Сингапур, көршілес Ресей және Скандинавия елдерін айтсақ болады. Зауыттарда дайын модульдік құрылымдар жасалып, олардан ЛЕГО конструкторы принципі бойынша ғимараттар құрастырылады. Бұл өте тиімді және жылдам жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін бұл технология жаңалыққа айналды. Бұл бағыттағы алғашқы жаршы - BI Group компаниясы салған астаналық ModeX зауыты. Зауытта жасалған темір бетонды модульдер Нұр-Сұлтан қаласындағы бір қабатты жедел салынған жұқпалы аурухана құрылысы кезінде сәтті қолданылып, қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғызылып жатқан ауруханаға пайдаланылуда. Алайда, компания бұл технологияның мүмкіндіктері әлдеқайда кең екендігіне сенімді.
Мұндай модульдердің жарамдылығын тексеру үшін сынақ өткізілді. Оған ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының академигі, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ темір бетон құрастырылымдары зертханасының меңгерушісі Алий Аббасұлы Беспаев жетекшілік етті. Ол Қазақстандағы құрылысшылардың алғашқы түлектерінің бірі, құрылыс саласындағы 25-тен астам нормативтің, 200-ден астам жұмыс пен монографияның авторы. Оның кейбір жұмыстары еурокодтарды әзірлеуге негіз болған. Ол өмірінің 60 жылға жуық уақытын темір бетонды және оның құрылымдарын зерттеуге арнаған. Ешбір әсірелеусіз оны әлемдік дәрежедегі жұлдыз деп айтуға болады. Ол Жапония мен Корея сияқты елдерге өз білімі мен жинақтаған тәжірбиесімен бөлісуге жиі барады.
- Модульдік блоктың салмағы шамамен 20 тоннаны құрайды. 16 қабатты үйдің құрылысы кезінде техникалық коэффициенттерді есепке алсақ, төменгі құрастырылымға түсетін салмақ 320 тонна. Оған тағы жиһаз, үй тұрғындарының салмағы, инженерлік желілер мен т.б. қосылады. Сондықтан сынақ барысында біз 900 тоннаға қысым жасадық. Нәтижелердің талдауына бірнеше апта уақыт кетеді. Алайда олар қазірдің өзінде-ақ айқын: жүзден бір миллиметрге дейінгі дәлдікпен деформацияны бақылауға арналған құралдар және көптеген сезбектер блоктың сенімділігін көрсетті. Бүгінгі сынақ терең зерттеу мен ғылыми жұмыстарды жазудың мәні болады деп ойлаймын, – дейді Алий Аббасұлы.