28 ФЕВРАЛЯ / 20
Disney киностудиясының тағы 7 фильмі қазақ тілінде көрсетіледі
На казахском

Disney киностудиясының тағы 7 фильмі қазақ тілінде көрсетіледі

Елордада 2020 жылы кинотеатрларда қазақ тілінде шығатын Disney студиясының картиналары жарияланды. Биыл жеті голливудтық фильм қазақ тілінде көрерменге жол тартады. Қазақстандықтар Disney киностудиясының аты аңызға айналған жауынгер – «Мулан», жас кемеңгер – «Артемис Фаул», «Алға»/Вперед», «Жан/Душа», «Джунглидегі круиз» және «Райа және соңғы айдаһар» туындыларын мемлекеттік тілде көре алады. Дубляждың демеушісі – BI Group холдингі. 

Таныстырылым кезінде болашақ премьералардың қазақ тіліндегі трейлері көрсетілді. Дубляж актерлері, дыбыс режиссерлері, мәтін үйлестірушілер өз істерінің қыр-сырымен бөлісті, ал ұйымдастырушылар мен серіктестер жобаның ерекшеліктері мен оны жүзеге асырудың нәтижелері туралы сөз қозғады.

- BI Group  үш жыл қатарынан Болашақ қорының  «Өзіңнен баста» жобасына қолдау көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде құны 800 миллион теңгеге жуық сомаға 15 фильм қазақ тілінде дыбысталды. Жобаның арқасында қазақстандық балалардың сапалы киноконтентке қолжетімділігі арта түсті. Біз қазақ тілінің дамығанын қалаймыз. Оған дәлел, қазір біздің тұрғын үй кешендерімізге қазақша атаулар берілуде. Мысалы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай біз «Асыл мұра» атты жаңа тұрғын үй кешенін іске қостық, оның әр кезегіне еліміздің ұлы тұлғалары – Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Жұбанов, Қорқыт Ата, Құрманғазы Сағырбайұлының есімдері беріледі. – деп атап өтті BI Development бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Қайрат Шаяхметов.

 Бұл жобаның мақсаты – қазақ тілінде жоғары деңгейдегі сапалы контент жасау. Көрермен бұл туындылардың қазақ тілінде түсірілгеніндей сезінуі үшін бұл үлкен жұмысты әрі қаражатты талап етеді. Сондықтан мұндай жобаларға ақша мемлекеттік қазынадан бөлінбейді, оларды жеке компаниялар қаржыландырады. Өткен жылы BI Group қолдауымен алты әлемдік кинокартинаның бесеуі, ал 2018 жылы – үшеуі қазақ тіліне дыбысталды. Қазақ тілі «Walt Disney» компаниясының тарихындағы 39-шы, ал «Sony Pictures» үшін 7-ші тіл болды. Әлемнің кез келген жерінде Blu-ray дискісін сатып алсаңыз, туындыларды көру үшін қазақ тілін таңдай аласыз.

Дубляж туралы  7 қызықты факті  

• Қазақстандық актерлердің дауыстары голливудтық киностудиялармен келісудің күрделі кезеңдерінен өтеді.

• Синхронды дубляж дауыстың тембріне ғана емес, кейіпкердің мінезіне де толық сәйкес келуін талап етеді.

Джонни Деппке «Жалғыз рейнджер» фильмінің басты кейіпкерінің дауысын дыбыстау үшін  Берік Айтжановтың дауысы ұнапты.    

Қазақ тілі орыс тілінен екі есе, ағылшын тілінен үш есе ұзақ дыбысталады. Осыған байланысты дубляждың актерлеріне кейіпкерлердің сөздерін айтып үлгерулеріне тура келеді.

• Автордың ойын дәл жеткізу үшін фильм тікелей ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылады. Диалогтар кейіпкер дубляж тілінде сөйлеп тұрғандай әсер қалдыру үшін кейіпкердің артикуляциясына дәл келтіріліп, аударылады.

• Қазақ тіліндегі барлық фильмдер әлемдік премьерадан бір күн бұрын кинотеатрларда көрсетіледі.

• Қазақ тіліндегі ән – бұл мүлдем жаңа шығарма, ағылшын тілінен жай ғана аударма емес. Бейімдеу кезінде әр композициямен қазақстандық ақындар, композиторлар мен әншілер жұмыс істейді.


Алдыңғы жаңалық Келесі жаңалық
Тегтер:
Әрі қарай
Барлық жаңалықтар