«Jekpe-Jek» жекпе-жек сарайы елордамыздың тағы бір
көрікті ғимараттарының біріне айналды. Мұнда жекпе-жектің барлық түрлерінен: бокс,
күрес, дзюдо, каратэ, таэквондо және ауыр атлетикадан халықаралық жарыстар
өтетін болады.
Қабанбай батыр даңғылы мен Керей мен Жәнібек xандар көшелерінің қиылысында орналасқан спорт ғимараты үшбұрыш пішінінде және қалықтап бара жатқан бүркітті бейнелейді. Айта кету керек, спорт сарайы мультифункционалды кешен ретінде жобаланған: арена қандай да бір спорт түрінің талаптарына сәйкес жабдықтала алады.
Кешеннің жалпы ауданы 32 мың шаршы метр. Сарайдың қақ ортасында 5 мың орынға арналған көрермен мінбері бар, сонымен қатар әділқазы алқаларына арналған орын, комментаторлық кабиналар мен VIP зона орналасқан. Жобалаушылар журналистер туралы да ұмытпаған.БАҚ өкілдері үшін 54 орынды баспасөз-орталығы қарастырылған. Сауықтыру блогына 4 жолақты 25 метрлік бассейн, балалар бассейні, SPA орталық пен жаттығу залы кіреді. Бір сөбен айтқанда, спортшыларға керектінің бәрі бар.
Одан бөлек 43 бөлмелі қонақ үй, паркинг, мини-футболға арналған алаң және кең автотұрақ бар.
Мұнда көптеген жаңа
құрылыс шешімдері қолданылған. Мысалы, антивандалды бояу бірден глаттаға
жағылды және қосымша бояуды қажет етпейді. «Дымқыл» үдерістер үлесінің
төмендеуі құрылыс қарқынын жеделдетуге мүмкіндік берді. Орынжайлардағы дыбыс
реверберациясы (эха әсері) болмайтын акустикалық панельдер орнатылған.
Эстетикалық сәулелік батареялар орнатылған.