Проектілерге
Қалалық жұқпалы аурулар орталығы (Нұр-Сұлтан)
Проект туралы

ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес Нұр-Сұлтанда 15 күн ішінде жұқпалы ауруларға арналған емхана салынды. Елордалық жаңа медициналық мекеме 200 орынға (соның ішінде 20 орын жан сақтау бөліміне тиесілі) есептелген. Заманауи жабдықтармен жабдықталған жаңа мекеме дәрігерлердің резервтік әлеуетін кеңейтіп, науқастарға уақтылы көмек көрсетуге кепілдік береді.


Емханада карантинге арналған, қарқынды терапия, жан сақтау бөлімдері қарастырылған. Олардың жеке биохимиялық зертханалары, рентген бөлмелері мен компьютерлік томографиясы болады. Ал дәрігерлер үшін - дезинфекциялау жүйесі бар ыңғайлы демалыс аймағы бар.


Осындай қысқа мерзімде аумағы 6980,85 шаршы метр болатын емхана ғимаратын салу ModeX зауытында алдын ала әзірленген блоктардың арқасында мүмкін болды. Олар құрылыс алаңына зауыттан терезелері, есіктері, сыртқы қасбеті, санитарлық-гигиеналық құралдары орнатылған күйінде жеткізілді. Айта кету керек, бұл Қазақстанда индустриялық-модульдік технология бойынша салынған алғашқы ғимарат. Ғимаратты салу үшін барлығы 111 модульдік блок, ал іргетасты құю үшін – 3 мың куб. бетон, 162 тонна металл конструкция, 183 тонна арматура және басқа да материалдар қолданылды.


Жобада осындай объектілерге қойылатын талаптарға сәйкес келетін құрылыс материалдары пайдаланылды. Мысалы, медициналық мекемелерге арналған арнайы герметикалық есіктер Минскіден жеткізілді. Еден жабыны ретінде қорғаныш полиуретанды қабаты бар линолеум, ал қабырғалар мен төбелерді әрлеу үшін антисептикалық бояу қолданылды. Рентгенография және компьютерлік томография кабинеттерінің едендері мен қабырғалары рентген сәулесінен қорғайтын қалыңдығы 5 мм қорғасын панельдермен жабылған, есіктері де қорғасынды.


Емхана арнайы желдету жүйесімен жабдықталған, яғни бактиерияның ауа арқылы таралуын болдырмау үшін палаталарда теріс қысым жасалады, ал ауасы үш есе тазартылады. Реанимация палаталары үшін - оттегі станциясы қарастырылған. Ал кәріз жүйесінде ағынды суларды вирустардан тазартуға арналған электролиз қондырғысы бар жергілікті тазарту қондырғылары бар. Бұдан басқа, емхана аумағынан шығатын көлікті тазалау үшін дезинфекциялық бекет орнатылған. Осының барлығы аурудың таралуына, кездейсоқ жұқтыру мүмкіндігіне жол бермейді.