Еліміздегі жұқпалы ауруханаларды салу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия сәуір айының басында қабылданған болатын. Осыған сәйкес, 5 сәуірде Алматыда дайындық жұмыстары басталып, 9 сәуірде медициналық мекеменің құрылысы басталды. Құрылыс алаңында үш ауысымда мыңға жуық адам тәулік бойы жұмыс істеді.
Екі қабатты мекеменің ауданы 5850 ш.м-ді құрады. Ғимарат сэндвич-панельдері бар құрылыс модульдерінен тұрғызылды. 280 төсек-орынға арналған, жалпы 98 палатадан тұратын ауруханада 28 карқынды терапия, зертхана, рентген және компьютерлік томография кабинеттері, сондай-ақ карантин аймағы бар. Кешен арнайы кәріз және желдету жүйелерімен жабдықталған. Аурухана палаталарындағы теріс қысымды қамтамасыз ететін арнайы желдету жүйесі іштегі ауаны есік жабылған кезде де сыртқа шығармайды. Сонымен қатар, желдету тазалау және залалсыздандыру жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл шаралар айналадағылардың, ең алдымен, дәрігерлердің ауру жұқтыру қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.