Қаладағы ең басты жоба саналатын әкімшілік-іскерлік орталықтың бір ерекшелігі – айрықша сәулетінде. Облыстық әкімдік, басқармалар мен департаменттер орналасатын ғимарат қос қасбеттен тұрады: біріншісі – HPL-панельдер, екіншісі – ұлттық ою-өрнек түріндегі фибробетон. Бұл қос қасбет негізінен ыстық аймақтарда жиі қолданылады, өйткені ол қараңғылық әсерін беріп, ғимаратты күннің ыстық сәулесінен қорғайды. Дизайнында көркем паркет, сәндік панельдер, ерекше факторлы мәрмәр қолданылған. Іскерлік орталық «Ақылды» принципі бойынша жобаланған және LEED/GREEN жасыл технологиялар стандарттары бойынша салынған. Мұнда су мен энергияны тиімді пайдалану жүйесі қарастырылған. Ауданы 50 мың ш.м. ғимарат 4 қабаттан тұрады.