«Ұлы Дала елі» орталығы
Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығы «Ұлы Дала Елі» ұлттық брендін танымал етуге бағытталған жаңа көрікті орынға айналды.
Ғимарат 2 қабаттан тұрады. Бірінші қабатта «Ұлы дала металлургиясы», «Ұлы дала жылқысының мәдениеті», «Ұлы дала інжу-маржандары», «Қазақстан -Түркі әлемінің бесігі» экспозициялық кешендері мен әкімшілік бөлмелері орналасқан. Екінші қабатта «Қазақ хандығы», «Ұлы даланың қалалық мәдениеті», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы», «Қазақстан - алма мен қызғалдақтың отаны», «Болашақтың Қазақстаны» сияқты көрме залдары бар. Жерасты қабатында көрме жабдықтарын сақтау бөлмесі, интерактивті зал, компьютерлік зал, мәжіліс залы мен техникалық бөлмелер бар. «Бәйтерек ағашы» арт-нысанының тармақталған тамырларының оникс сияқты көрінетін керамикалық граниттен, еденнің қара мәрмәр секілді көрінетін керамикалық граниттен жасалуы мұндағы дизайнерлік өнердің әдемі үйлесімін көрсетеді. Қабырға барельефі жартастағы тас түрінде жасалған. Елбасы залында Қазақстан картасының жоғары жағында орнатылған ұзындығы 12 м. шыны көпір ерекше назар аударуға тұрарлық. Келушілерге 3D форматындағы тарихи көріністерді таныстыру үшін биіктігі 14 метр, радиусы 11 метрге дейін созылып жатқан Түркі залы Орталықтың жүрегі болмақ.